Актобе
Соңғы жаңалықтар

Хиджаптағы қыз шашынан сүйреген оқушының анасы жанайқайын айтты

Azatmedia.kz. Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында қатарласын шашынан сүйреп, елдің жағасын ұстатқан хиджабтағы қыздың әрекетіне қатысты іс жабылды. Қылмыстың құрамын таппаған полицейлер істі қысқартты деген жәбірленуші тарап жанайқайын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тал түсте қатарластарын тепкілеп, оны видеоға түсіріп, елге мазақ қылып жариялағандар жазадан құтылып кетті. Достарының бетіне қарамақ түгілі, есіктің алдына шыға алмай қалған қаршадай қыз ауруханаға да жатып шыққан. Төбелес кезінде миы шайқалған оқушы психологиялық күйзеліске түсті. Жасөспірімнің ата-анасы ендігі көмекті прокурор мен соттан сұрап отыр.

«Қызым психологиялық күйзеліске түсті. Ешкімді көргісі, ешкіммен араласқысы келмейді. «Досым жоқ» деп жылайды. Қызым болған жайды ұмыта алар емес. Оның жайына алаңдаймын. Оқиға есіне түссе жылайды. Полициядан «Қылмыс белгілері болмағандықтан іс қысқартылды» деген қағаз келді. Маған әділдік керек, іс неге жабылады? Мен қазір прокуратураға қайта арыз жаздым. Қорғаушы да жалдадым. Психологқа, невропатологқа барып жүрміз. Қызымның денсаулығы алаңдатады», – дейді жәбірленушінің анасы.

Анасының айтуынша, миы шайқалып, қан қысымы көтерілген қызы қаладағы балалар ауруханасына жатып шыққан. Төрт баланың анасы қызын сабаған видеоны алғаш көргенде есеңгіреп қалғанын жасырмайды.

«Оқиға болған кезде жұмысқа шыққаныма екі күн болған еді. Сол күні оқиғадан мүлде хабарсыз болдым. Кешке жұмыстан келгенде қызым «басым ауырып тұр» деп дастарханға келген жоқ. Таңертең жұмысқа жиналып жатқанымда үлкен қызым сіңлісін бір топ қыздардың ұрып кеткенін және оны біреуге айтса, мазақ қылып интернетке видеолар саламыз дегенін айтты. Қызыммен сөйлесіп, ол жерде кімдердің болғанын сұрадым. Бір қыз баланы ғана таныдық. Жұмысқа дейін таңертең сол үйге барып, түсірген видеоларын еш жерге таратпауды сұрап «араларыңдағы ренішті ұрыспай шешіңдер» деп айтып кеттім. Тап анадай төбелес болды деген ойымда жоқ. Жұмысқа жеткенімде менің телефоныма да видеолар келе бастады. Есеңгіреп, құлап қала жаздадым. Бірден полицияға хабар бердім. Бір-екі сағаттың ішінде у-шу болдық. Ол қыздар қалай ұрып жатқандарын интернетке салып жіберген екен. Кейін қыздардың ата-аналары құшақтап, кешірім сұрап «кешірдім» деп қолхат жазып беруімді сұрады», – дейді қыздың анасы.

«Жәбірленуші тарап еш жерге «кешірдім» деген сөзді жазбаса да істің қалай қысқарып кеткенін түсінбейді. «Төбелестен кейін қызымды аудандық ауруханаға апарғанымда «Көзге көрініп тұрған ештеңе жоқ, жарақаты жеңіл» деп шығарып салды. Бірақ «басым ауырады» деп ұзақ уақыт дәрі сұрап ішіп жүрді. Үйде тек жолдасым ғана жұмыс істейтін болғандықтан, қалаға бірден апарып, қаратуға ақшаның реті болмады. Қызымның бас ауруы басылмаған соң қалаға апардым. Бірден ауруханаға салды. Оқушылар арасындағы мұндай төбелесті қалай қысқартқаны түсініксіз. Менің жағдайымды көрген құрбыларым баламды ұрған қыздарға сөйлеген еді. «Неге бұлай жасадыңдар, осы қыз баланың қылығы ма? Сендерге солай жасаса қалай боласыңдар?! Сендерді де тізерлеп отырғызып кешірім сұратып, видеоға түсірсек ұнай ма?» деген екен. Құрбыларымның сөзі орамал таққан қыздың мамасына ұнамай, олардың үстерінен арыз жазып қойған. Ол кісілермен қалай татуласуға болады? Олар сөйлегенге арыз жазып отыр. Менің қызым таяқ жеп, елдің бетіне қарай алмай отырғанда мен оларға кешірім беру керек екенмін. Мен істің әділ, заңды түрде аяқталғанын қалаймын. Жәбір көрсеткендер жазасын алу керек», – дейді жәбіренуші жасөспірімнің анасы. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де оқушы қыздар арасындағы төбелеске қатысты істің қысқартылғанын растайды.

Қатысты жаңалықтар

Төрт баласын өлтірген әйел полицияға келіп, кінәсін мойындады

azatmedia

«Пайғамбар аян берді»: Қазығұртта пирамида салып жатыр

azatmedia

ТҮЛКІБАС: СУАРМАЛЫ ЖЕР ҚАЙТА АЙНАЛЫМҒА ҚОСЫЛМАҚ

azatmedia

Пікір қалдыру